Тергеуде қысымға шыдамаған полиция майоры өз-өзіне қол жұмсамақ болды


Өскеменде полиция майоры, калония қызметкері өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Туыстарының айтуынша, ол бұл қадамға прокуратурадан көрген қысымнан кейін барған.


Осы жағдайға байланысты суицид жасамақшы болған Талғат Амантаевтың әйелі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео-үндеу жолдады.


Әйел видеода жұбайының өз-өзін өлтірмек болғанын, бірақ оны құтқарып қалғанын айтады. Алайда, Амантаев қазір комада жатыр екен.


Оның айтуы бойынша, Талғат Амантаев түрмеде асылып қалған Кондратенконың ісін тергеу төңірегінде болған психологиялық қысымға төтеп бере алмаған. Әйелі күйеуінің қылмыс жасамағанын айтып, президенттің бұл іске араша түсуін сұрайды.




Бұл оқиғаға байланысты бас прокуратура пікір білдірді.


"БАҚ және әлеуметтік желілерде ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ – 156/22 колониясының қызметкері Т. Амантаевтың жұбайы А. Амантаева қылмыстық істі тергейтін арнайы прокурор А. Е. Таштенов тарапынан психологиялық қысым көрсету нәтижесінде күйеуінің өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып, видео таратты.


Т. Амантаевтың өзіне өзі қол жұмсауға әрекет жасау фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелген және сотқа дейінгі тергеу жүргізу ішкі істер органдарына тапсырылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Бас прокуратураның Ішкі тергеу департаменті қызметтік тексеріс жүргізуде.Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады", - делінген хабарламада.


Айта кетейік, 18 маусымда ОВ 156/2 қауіпсіздік мекемесінде сотталушы Андрей Кондратенконың асылған денесі табылғаннан кейін тергеу басталған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Талғат Амантаев тәртіптік жаза аясында қызметінен төмендетілген.


Қайтыс болған сотталушының әпкесі Ирина Никифорова інісінің суицид жасағанына сенбей отыр.


Қыз Қасым-Жомарт Тоқаевқа болған оқиғаны әділ тергеу туралы өтініш білдірген. Осыдан соң, облысқа бас прокуратураның арнайы тергеу тобы барған.