Мемлекеттік қаржыны игермеген министрліктерге айыппұл салынады


Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік қаржыны игермеген министрліктер мен әкімшілерге айыппұл салынатынын мәлімдеді.


«Қазіргі кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгерістер енгізудеміз. Яғни бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші жетекшісіне айыппұл түрінде жауапкершілігін қарастыратын тиісті түзетуді енгізудеміз. Ақшалай айыппұл айтарлықтай қомақты болады. Бұл өз кезегінде қаржыны сапалы әрі тиімді игеру үшін ынталандыратын болады», - деді Ә. Смайылов сенатта.


Бұдан бұрын, Әлихан Смайылов қай министрліктер бюджетті игере алмай жатқанын айтқан.


«Ал республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн 541 млрд теңгені құрады. Орындалмау сомасы - 14,3 млрд теңге. Оның 5,7 млрд теңгесі - үнемделген қаражат. 8,6 млрд теңге игерілмей жатыр. Бұл 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз. Ең көп игерілмеген сома мына әкімшілерде қалыптасты: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі - 1,5 млрд теңге, Жоғарғы сот - 1,2 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі - 992 млн теңге, Сауда және интеграция министрлігі - 947 млн теңге. Қаржы игермеудің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну», - деген еді министр.