Павлодарда мектеп асханасында уланған 23 оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды


Павлодарда мектеп асханасынан уланған 23 балаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.


Мектепте Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті тексеру жүргізіп, асханада санитарлық ережелердің бұзылғанын анықтады.


Тексерістің алғашқы нәтижесін департамент басшысы Ирина Сорокина айтты. Ол уланған балалардың саны 23-ке дейін артқанын және олар - 1-7 сынып оқушылары екенін атап өтті.


«16 қазандағы жағдай бойынша стационарда бір бала қалды. Қалған 22 баланың жағдайы қанағаттанарлық. Эпидемиологиялық тексеру барысында мектептің ас блогында ереже бұзушылықтар тіркелді. Сондай-ақ зертханалық бақылау кезінде талапқа сай келмейтін сынамалар анықталды», - деді Ирина Сорокина.


Полиция департаменті басшысы балалардың улануының нақты себебі бәліштен немесе лас ыдыстардан болғаны 20 қазан күні, яғни талдау нәтижелері жарияланған кезде белгілі болатынын айтты.


Департаментінің ресми өкілі Жанар Белялованың мәлімдеуінше, ҚР ҚК 304 бабы – «ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.