Қазақстанда 200 теңгелік монета айналымға шығады


Қазақстанда 2020 жылы номиналы 200 теңгелік монета айналымға шығады.


Ұлттық Банктің хабарлауынша, қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында, банк номиналы 200 теңгелік айналыстағы монетаны шығару туралы шешім қабылдады.


«Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі – 10-15 жыл», - деді Қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов.


Номиналы 200 теңгелік айналыстағы монеталарды айналысқа шығарудың жоспарланып отырған көлемі айналыстағы монеталардың жалпы сомасының 26%-ын құрайды.


«Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынатын болады», - деді Ұлттық Банктің өкілі.