Қазақстан азаматтық белсенділікті қудалаушы мемлекеттер қатарына енді


Халықаралық CIVICUS азаматтық қоғамды қолдау тобы 17 қазанда жариялаған мәлімдемесінде Қазақстанды азаматтық белсенділікті қудалайтын 5 мемлекеттер қатарына қосты.


Тізімде Қазақстаннан бөлек Қытай, Египет, Колумбия, Гвинея бар. Ұйым Қазақстанда пікір айту еркіндігі, бейбіт жиналу құқығы шектелгенін айтып, азаматтық белсенділердің қуғындалуына алаңдаушылық білдірді.


«Елбасы Назарбаев тұсында елде пікір айту еркіндігі және бейбіт жиналу құқығы шектелген. Билік ауысқанмен наразылықты күшпен басу жаңа деңгейге жетті», - деп жазады ұйым.


Бақылау тобы кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі наразыларды ұстау оқиғасын ерекше атап өткен.



"Бірнеше күнге созылған наразылық кезінде полиция және арнайы жасақ бейбіт шеруге шыққан бірнеше мың бейбіт азаматты ұстады, кейбіріне күш қолданды. Бұған қоса, билік әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді бұғаттап, бейбіт митингіден ақпарат таратқан журналистердің жұмысына кедергі келтірді. Президент сайлауынан кейін күштік құрылымдар және қауіпсіздік қызметінің өкілдері сайлау кезінде заңбұзушылықтарды құжатқа түсірген тәуелсіз бақылаушыларға қысым көрсетті. Бұл қуғын-сүргін сайлау мен Тоқаевтың басқару кезеңіне көлеңкесін түсірді", - делінген құқық қорғау тобының мәлімдемесінде.