Елімізде ең қымбат көмір қайда сатылып жатыр


Елімізде делдалдар көмір бағасын үш, тіпті төрт есе көбейтіп жатыр, деп хабарлайды energyprom.kz.


«Делдалдар жылу маусымы басталмай жатып іске кірісті: олардың ықпал етуімен көмір бағасы 3, кейде тіпті 4 есе, тоннасына 3,5–5,5 мыңнан 14–22 мың теңгеге дейін көтеріліп барады», - делінген хабарламада.


Қазақстанда 1 тонна көмірдің республикалық деңгейде орташа бағасы 12,4 мың теңгені құрап отыр. Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, көмірдің ең жоғары бағасы Оралда (бір тонна үшін 18,5 мың теңге), Қызылордада (14,1 мың теңге) және Алматыда (14 мың теңге) байқалған.


Отынның ең жоғары бағасы Нұр-Сұлтанда: 1 текше метрге 12,7 мың теңге. Сондай-ақ, елордада көмір бағасы тоннасына 12,3 мың теңгені құрап отыр.


«Көмір бағасын белгілеу әлі де делдалдардың қолында тұр. Делдалдардың өзін делдалдық құрылымдар реттейтіндей сауда биржаға ауысса да, бұл өзгеріс көмектесетін емес. Сонымен, өндіруші компаниялар бастапқыда көмірдің тоннасын 3,5–5,5 мың теңгеге сатса, бұл баға бүкіл делдалдар тізбегінен өтіп барып, түпкілікті тұтынушы үшін 14-22 мың теңге аралығында сатылады», - деп толықтырады energyprom.kz.