Бекшин: Балаларға екпе жасалмаса балабақшаға кіргізілмейді


Екпе жасалмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейтін болады. Бұл туралы бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин хабарлады.


«Шынында да, мектепке дейінгі ұйымдарға біздің күнтізбелік жоспарға сәйкес, вакцинациядан өтпеген балалар кіргізілмейді. Бұл шектеудің екпеге медициналық тұрғыда қайшылығы бар балаларға қатысы жоқ. Не үшін олай еттік? Себебі, екпе медициналық тұрғыда ағзасына кері әсер ететін балалар да бар. Яғни, оларға екпе жүргізілмейді», - дейді бас дәрігер.


«Балаларды қалай қорғаймыз? Олар вакцинация жүргізгісі келмейтін адамдардың тұтқыны болды да қалды. Ұжымдық иммунитет туралы сөз қозғап отырмыз. Егер біз халықтың 95 пайызына екпе жасасақ, екпе жасалмауы тиіс адамдар тобын қорғап қаламыз. Туғаннан иммунодефицитпен өмір есігін ашатын балалар бар», - деді ол.


Бекшиннің айтуынша, балабақшаға бармас бұрын ата-ана учаскелік педиаторға барып, денсаулық паспортын алады. Ол құжатта баланың дені сау, вакцинацияланғаны туралы мәлімет болуы керек.


«Яғни, баланы балабақшаға апаруға болатыны ол құжатта жазылады. Егер ондай қорытынды денсаулық паспортында болмаса, мектепке дейінгі ұйым басшысының оны кіргізуге құқығы болмайды. Егер басшы бұл талапты бұзатын болса, тексеріс кезінде бұл фактінің барын білсек, бастабында онымен, баланың ата-анасымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер ол ары қарай да бұл шектеуді қабылдамаса, онда басшыға тиісті ұйғарым беріледі. Ұйғарым орындалмаса, іс сотта шешіледі. Яғни,15 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 38 мың теңге немесе 97 доллар) айыппұл салынуы мүмкін », - деді Жандарбек Бекшин.


Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер вакцинацияның өте қажет екенін еске салды.


«Конституция бәріне бірдей. Барлығының пікіріне құлақ асуымыз керек. Халықтың да, журналистердің де, ғалымдардың сөзін тыңдаған жөн. Біз болмасақ, халықаралық тәжірибені халыққа кім айтады? Ұстаздарымның бірі Африка елдерінің бірінде медициналық көмек берумен айналысты. Сол маған: «Ауру тарап кеткен кезде бір түнде 9 бала шетінеді. Сонда өлі баласын құшақтап тұрып, қайғыдан жүздері тас боп қатып қалған аналарды көрдім. Ол елде соғыс болып жатыр еді. Мен сонда «вакцинация тиімсіз» деген сөзді айтқан адамды сыртқа шығарып атып тастауға дайын болдым» деген әңгіме айтты. Көрдіңіз бе? Сондықтан, біздің бәріміз аурудың алдын алуға, вакцинацияның қажет екенін халыққа ескертуіміз керек. Қатты да болса шындықты айтып тұрмын», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.


Жандарбек Бекшин ақшаның соңына түсіп, халыққа дұрыс ақпарат бермей жатқандарды сынады.


«Біз халықтың денсаулығын ойлауымыз керек. Ең бірінші кезекте, журналистерден сұраймын! Себебі, антивакциональ лоббиі өте күшті болып тұр. Көріп отырсыздар, қандай сценарийлер жазылып жатыр. Ол үшін ақша төленіп жатқаны анық қой. Тіпті антивакциональды насихатқа кәсіби актерлар қатысуда. Бәрі де аутизм жайлы айтады. Кезінде АҚШ-тың жалған ғалымы Эндю Уикфилдтің еңбегін Техас соты жоққа шығарып, дәрігер сертификатын айырды. Ал соны насихаттаған ғылыми басылымның редакторы кешірім сұрады. Ол жерде аутизмге қатысты ештеңе болмаған. Бұл – тек сылтау еді», - деді Жандарбек Бекшин.


Сонымен қатар, Бекшин кодекс жобасынан балаға екпе салудан бас тартқаны үшін ата-аналарға салынатын әкімшілік жауапкершіліктің алынып тасталғанын атап өтті.


Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігер елімізде елімізде менингит ауруына қатысты ахуалдың қандай екенін айтып берді.


«Қазіргі таңда бізде менингококк инфекциясын жұқтыру бойынша 50 жағдай тіркелді. Өткен жылы 83 еді. Яғни, бүгінгі күні менингит жұқтыру деңгейі 47 пайызға азайды.


Менингитке шалдығу жағдайы бақылауда. Халыққа төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Қазақстан бойынша менингитке шалдығудың көпжылғы орташа деңгейі - 2,1 пайыз. Қазіргі уақытта орташа деңгей - 0,2 пайыз. Осыдан-ақ қазіргі уақытта менингит инфекциясын жұқтыру деңгейі қаншалықты азайғанын байқауға болады», - деді ол.


Айта кетсек, мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құжатта мектепке дейінгі ұйымдарға егілмеген балаларды кіргізуге тыйым салынатын айтқан болатын.