2020 жылдан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақы алады


2020 жылдан бастап 4 және одан да көп көпбалалы отбасылардың құрамындағы балаларға табысқа қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақыға болжам бойынша 340,3 мың отбасы үміткер бола алады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті.


Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілген кезде Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты бұл төлемді алушылар саны да артуы мүмкін.


«Таяуда еңбек министрлігі тиісті заң жобасын парламенттің қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді», - делінген министрлік мәліметінде.


Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылдың 7 қазанындағы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын. АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады.


Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады.


1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.


Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін болады.