Назарбаев: «Нұр Отан» соңғы айларда ешқандай резонанстық іске өз ұстанымын білдірген жоқ


Елордада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іске асырылуы аясында жиын өтті.


Отырыста Нұрсұлтан Назарбаев партияның елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы ерекше рөліне тоқталды.


«Бүгінгі таңда біздің партияның алдына қоғамды біріктіру, жаңа сайланған Президент Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы төңірегінде элиталарды біріктіру міндеті тұр. Партия елдің жетекші саяси күші ретінде мемлекетіміздің дамуының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан Үкімет пен Фракция адамдардың нақты мәселелерін бірге шешуі керек», - деді партия төрағасы.



Сонымен қатар, Назарбаев аймақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға баса назар аударуды тапсырды.


«Стратегиялық бағдарламалар ресми түрде жүзеге асырылуда. Олардың орындалуын тиісті бақылау жоқ. Кейбір тармақтар мүлдем орындалмайды. Жоспарланған көрсеткіштерге үнемі түзетулер енгізіліп тұрады. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі «Нұр Отан» партиясымен және оның фракцияларымен бірлесіп, аталған бағдарламалардың орындалуы туралы тыңдау ұйымдастыруы керек. Бізге 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын әзірлеуді бастау керек»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Осыған байланысты, Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және аймақ үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді аяқтауды тапсырды.



Сондай-ақ, Елбасы «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциясының қазіргі жұмысына тоқталып, «Нұр Отан» партиясының рейтингі барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысына негізделгенін атап өтті.


«Талдау көрсеткендей, біздің партияның депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді пайдаланбайды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» соңғы айларда ешқандай резонанстық іс бойынша өз ұстанымын білдірген жоқ», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев партияның саяси көшбасшылығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.


«Біздің басты міндетіміз - тұрақтылық, Қазақстанның өркендеуі және қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан уәделерімізді орындау үшін бар күшімізді салу керек », - деп түйіндеді партия төрағасы.