Алаяқтық бойынша күдікке ілінген Бағдат Мәнізоров еңбек демалысына шықты


Ірі көлемдегі алаяқтық бойынша айыпталған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров екі аптаға ақысыз демалысқа шықты. Бұл мәліметті HOLA News тілшісіне Алматы облысы әкімі баспасөз қызметі хабарлады.


Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шенеунік 2019 жылғы 14 қазаннан 1 қарашаға дейінгі мерзімге ақысыз еңбек демалысын алды.


Айта кетейік, 30 қыркүйектен бастап шенеунік денсаулығына байланысты демалысқа шыққан болатын.


Басында Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровтың ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. 


Кейіннен бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растап, 27 қыркүйекте оның ұсталғанын хабарлаған болатын.


Кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) айып тағылып отырғанын айтқан еді.


Еске сала кетейік, осы жылдың 12 шілдесі күні Мәнізоров Алматы облысы әкімінің өкімімен облыс басшысының орынбасары болып тағайындалды.