Ерлан Қарин "Жусан" операция туралы: "Біз үлкен қауіптің алдын алдық"


Президенттің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин "Жусан" операциясы төңірегінде Сириядан қайтарылған адамдар және терроризммен күрес жайлы ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұқбат берді.


Ерлан Қарин "Жусан" операциясының күрделілігі мен ерекшелігі туралы айтты.


"Бұл шынында да, күрделілігі жағынан өте ауқымды операциялардың бірі болды. Әрине, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түрлі жобаларды, әр кезеңде қиын да күрделі шараларды қабылдады. Дәл қазіргі таңда "Жусан" операциясы біздің елдің қауіпсіздігі тарихында ғана емес, халықаралық деңгейде де қауіпсіздік қызметтерінің тарихындағы ең күрделі және ауқымды шаралардың бірі болып қалатыны сөзсіз. Ендігі таңда Сирияда соңғы 3-4 күннің ішінде ахуалдың өзгеруіне, ондағы күштердің ара-қатынасының өзгеруіне қатысты мұндай операциялардың орындалуы екіталай. Бұл операцияның күрделілігі - ең алдымен, ауқымында. Ерекшелігі - түрлі елдердің мүдделерінің араласып кетуінде, түрлі топтардың мүдделері, әртүрлі геосаяси топтардың да араласып қақтығыс жағдайын туғызып жатқанында", - дейді Ерлан Карин. 


Саясаткердің айтуынша, Сирияда бір ғана тараппен келісім жүргізу мүмкін емес, бірнеше тараппен келісімге келуге тура келген. 


"Бірінші деңгейде Қазақстан жағы Сириямен жауласушы жақтармен тең келісімге келді, екінші Сириядағы процеске араласып отырған басқа да түрлі күштермен келісімге келе алды. Қазақстан басшылығының саяси беделі, Ұлттық қауіпсіздік қызметтерінің саяси беделінің әсері болды. Осы операция арқылы өзімізді Ресей, Америка, Таяу Шығыс елдеріне сенімді әріптес екенімізді көрсеттік. Бұл операцияны жүзеге асыру үлкен ұйымдастырушылықты талап етті. Бірнеше ай дайындық шаралары жүргізілді. Алып келу, орналастыру, қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, олармен дерадикализация бағытында жұмыс жүргізілуі керек, бірақ бәрі жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Ең басты мақсат - әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елге қайтару болды".



"Бұл мәселеде қарсы шыққандар да, жақтаушылар да болды. Бірақ мәселе оң шешілді. Басты ерекшелігі - гуманитарлық жағынан ауқымы, балалар тағдыры, олар әке-шешесінің қатесі үшін жауап бермейді. Қайтармасақ, бұл балаларды ертең өз елімізге қарсы шығаруы да мүмкін. Балалар - біздің болашағымыз, алдымен солардың жағдайын ойладық. Бұл өте маңызды операция болды, қауіпсіздік тұрғысынан жасалған операция болды. Біздің бұл әрекетімізді шет елдерде де бағалап жатыр. Уақытында жүзеге асырылған операция болды. Меніңше, басым көпшілігі түсінеді, қолдайды. Ел аралап жүрген де осы операцияға байланысты көп сұрақ қойылады. Қауіптенетіндер де, сескенетін, күмәнданатын адамдар да бар. Дұрыс па, дұрыс емес пе, деп сұрақ туындауы орынды. Кейбіреулер оларды қайтарсақ, қаупі жоғары деп ойлайды. Оларды сол жақта басым күштер пайдаланып отыр. Олар - біреудің қолындағы қару. Қайтармасақ, оларды болашақта өзімізге қарсы қару ретінде пайдаланбайтынына кім кепіл. Сондықтан оларды қайтару арқылы біз үлкен қауіптің алдын алдық. Бұл гумманитарлық жағынан да, қауіпсіздік жағын да өте дұрыс қадам болды", - дейді саясаттанушы


Сонымен қатар, ол терроризмді қолдаушыларды азайту үшін қоғамда оны қатаң айыптап, аяушылыққа жол бермеу керектігін айтады.


"Ең алдымен қоғам тарапынан - бұл бағытта мемлекеттің жүргізіп отырған жұмысына толық түсіністік пен қолдау болуы керек. Яғни, терроризм қауіпсіздік мәселелерінде бізде әржақты ұстаным болмауы керек. Қоғам мен мемлекет біржақты күресуі керек. Сол кезде терроризмді қолдаушылар азаяды, сананың улануына жол берілмейді. Қандай да бір ақтау, аяу деген болмауы керек. Бұл - қылмыс. Кейде пікірлерді байқап жатамыз, бұл - қылмыс. Әрине балалардың, әйелдердің жағдайы бір бөлек, мемлекет өз тарапынан гумманитарлық ұстаным бойынша көмек көрсетіп жатыр. Алданып қалғандар бар, оларға кешірім жасау керек, ал қолына қару алып, біреудің өмірін қиған болса оны кешіруге болмайды. Заң қатал болуы керек және азаматтар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Адамдар арасында осындай ұстаным қалыптасуы керек. Екіншіден гуманитарлық-тәрбиелік бағытта жұмыс жасау қажет", - дейді саясаттанушы.


Президент кеңесшісінің айтуынша, бұл індетпен күресу үшін қоғамда немқұрайдылық пен бейқам қарауды тыю керек.


"Терроризммен күрес - бұл тек мемлекеттің функциясы емес, қоғам болып жұмылу керек. Кейбіреулер бірдеңе бола қалса, құқық қорғау органдары қайда қарады, арнайы қызметтер қайда болды деп ойлайды. Бірақ бұл мемлекеттің функциясы емес, қоғамның да жұмысы. Алдын алу, оны байқау және сезіну керек. Мен әрқашан айтамын: туған әкесі мен шешесі баласының қайда, кіммен қандай жоспар жетегінде жүргенін білмесе, ҰҚК, ішкі істер органдары оны қайдан біледі. Барлығын жеке бақылауда ұстайтын тоталитарлық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз, заман басқа. Ондай ұстаным да мақсат та жоқ", - дейді Қарин.


"Мүмкіндігінше әркім өз ортасына, отбасына, балаларына жауап беруі керек. Жауапкершілікпен қарап, бейқам болудан арылған жөн. Зерттеу мақсатында қаншама қылмыскермен кездестім, олардың осындай жолға қалай түскенін сұрадым. Көбіне жауапкершіліктің болмағаны, немқұрайдылық, отбасында, ортасында ешкім ешкімнің өміріне қызықпай, мәселелеріне үңілмегенінен шығады. Бәрі осыдан басталады. Мен енді осы мәселемен терең айналысып жүрген соң, экономикалық, әлеуметтік өлшемдерін білемін және түсінемін. Бірақ түптің түбінде, барлығы осы немқұрайдылықтан бастау алады. Қарапайым азаматтардың арқасында террорлық актілердің алдын алу деректері де кездесті. Мұғалім өз оқушысының мінез-құлқы өзгергенін байқап, баланың туыстарына хабарласып, тура жолдан таймауға септігін тигізді. Алматыда көше сыпырушы жасырылған жарылғыш зат тауып алып, полиция келгенге дейін қоқыс жәшігіне салып, ешкімді жақындатпаған. Әуежайға теріс оймен жұмысқа кірмекші болған адамды кадр бөлімінде істейтін маман күдіктеніп жұмысқа алмай қойған. Сол себепті кез келген әрекетіміз үлкен бір апаттың алдын алуға себепші болуы мүмкін. Жауапкершілік керек", - деп аяқтады сөзін Ерлан Қарин.