Лондон соты Айсұлтан Назарбаевты шартты түрде жазаға кесті


18 қазанда BBC арнасы Лондон сотының "полицейге шабуыл жасады" деп айыпталған Айсұлтан Назарбаевты бір жылға шартты жазаға кескенін хабарлады.


Сот оған 18 ай сынақ мерзімін берген. Егер бұл уақыт аралығында ол заң бұзса, шартты жаза түрме жазасына айналады.


Сот үкіміне сәйкес, ол 140 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс, есірткіге тәуелділіктен арылу бойынша 20 сессияға қатысуға міндетті. Бұған қоса, сот оны мың фунт көлемінде (шамамен 1100 доллар) айыппұл төлеп, 5000 фунт көлемінде шығынды өтеуге


4 маусымда сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа Лондонда есірткінің күшімен полиция қызметкеріне қарсылық көрсетіп, саусағын тістеп алғаны және жеке мүлікке зиян келтіргені үшін айып тағылған.


Бұдан кейін болған сот отырысында Айсұлтан Назарбаев шабуыл жасағанын, адам денсаулығына зиян келтіргенін және мүлікті бүлдіргенін мойындаған.


Назарбаев есірткіден емделген Priory емханасының дерегіне сәйкес, науқас дәрігерлердің нұсқаулығын мұқият орындап, емдеу кезінде одан ілгерілеушілік байқалған. Судья соны ескеріп, оның түрмеден гөрі бостандықта жүріп емделгені дұрыс болады деп үкім шығарған. Назарбаевтың адвокатының айтуынша, экс-президенттің жиені "сот үкімін естіген соң ауыр жүк мойнынан түскендей сезінген". Назарбаевтың өзі BBC-ге түсініктеме беруден бас тартқан.


Айсұлтан Назарбаев – Ұлыбритания королдігінің «Сандхерст» әскери академиясын түлегі. Ол оқуын бітіріп, Қазақстанға оралған соң елдің қорғаныс министрлігінің барлау басқармасында қызмет еткен. 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті қызметін атқарды. Соңғы бір жарым жылда ол жұрт назарына ілінбеген болатын.