Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті


Бүгін Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингке шықты. Бейбіт акцияға 250-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Қазақпарат.


Шара«Жерұйық» саябағында қоғамдық бірлестіктер, танымал қоғам қайраткерлері мен аталған мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтар қатысуымен өтті.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, бейбіт митингтiн мақсаты қоғамның назарын отбасы құндылықтарын сақтауға, бір-біріне сыйластықпен қарап, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға арналған.


«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова әйелдер мен балалар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін қазақстандықтарды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге шақырды.


«Бұл жерге келуімізге қалада болған қайғылы оқиға себеп болды. 6 қазан күні болған отбасылық ұрыс-керіс кезінде күйеуі әйелін қала сыртына апарып, үстіне бензин құйып өртеп жіберді. Ол әйел моральді түрде де, физикалық түрде де зардап шекті. Қазір зардап шеккен әйел өлім мен өмір ортасында жатыр. Көп әйелдер тұрмысық зорлық-зомбылық көрсе қайда хабарласатынын білмейді. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алса, дереу полицияға немесе қоғамдық ұйымдарға хабар беру керек. Қалада ондай ұйымдар жеткілікті. Егер сіздерге сол ұйымдардың байланыс нөмірі керек болса, біз оны беруге дайынбыз», - деді ол.



«Ауғанстан соғыс ардагерлерінің кеңесі» төрағасының орынбасары Миранбек Түлекбаев біреудің өз отбасында зорлық көруіне жол беріп қойып, біз жас ұрпақтың болашағын бұлыңғыр етеміз деді.



«Отбасыдағы зорлыққа жол беру - қоғамның деградацияға ұшырауына жол беру деген сөз. Өздеріңіз білесіздер, әр отбасы кішігірім социум. Онда болып жатқан нәрселер қоғамда орын алады», - деді ауған соғысының ардагері.


Заңгер Әйгерім Қалдығұлова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге құқықтық және консультациялық көмек көрсетті. Оның айтуынша, көптеген ерлер ажырасқан соң жұмыс істеп, алайда алимент төлемес үшін табысын жасырады. Заңгер осы орайда барлық әйелдерді заң жағынан сауатты болып, алимент төлеттіріп, өз құқықтарын қорғауға шақырды.


Бейбіт митингке қатысқандардың барлығы қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беруге жол беруге болмайтынын айтып, оған қарсы күреске бірігуге шақырды. Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде елорда тұрғыны Анар Бітебаева өз парақшасында қалалық әкімдік 19 қазанда сағат 10.00-11.30 аралығында Жерұйық саябағының солтүстік-батыс бөлігінде бейбіт митинг өткізуге рұқсат бергенін хабарлаған болатын.