Шымкенттегі медбикені зорлау ісі: Дәрігер ақталып шықты


Шымкентте жұмыс орнында "медбикені зорлады" деп айыпталған дәрігер ақталып шықты.


Бұл туралы HOLA News тілшісіне Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үйлестіруші-судьясы Сәбит Төреханов мәлім етті. Оның айтуынша, тыңдалымдар жабық режимде өткен.


"Сот үкімімен айыпталушы "зорлау" және "жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері" баптары бойынша кінәсіз деп танылды. Дәрігердің кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ол осы баптар бойынша ақталып шықты", - деді Сәбит Төреханов.


Сонымен қатар, үйлестіруші-судья сотталушының кінәсін мойындамағанын хабарлады.


Сондай-ақ, ол тергеу ісі бойынша заттай дәлелдемелердің жеткілікті саны болмағанын, ал "сот-биологиялық сараптама нәтижелері мен бес куәгердің айғақтары жәбірленушінің дәлелдерін растамағанын" атап өтті.


"Сот тергеуі барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Бұдан кейін тергеушіге қатысты Шымкент қаласы ПД басқармасы бастығының атына қызметтік тексеру жүргізу үшін жеке қаулы шығарылды", - деп толықтырды үйлестіруші судья.


Сот ақталған адамның моральдық зиянды өтеуге қол жеткізу құқығы барын айтқан.


Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Бір жарым ай бұрын Шымкентте нефролог-дәрігер жұмыс орнында медбикені зорлады деп күдіктелген болатын. Бұл туралы медбикенің өзі айтып берген.


30 жастағы медбике бастығының алдымен кабинетінде әдепсіз ұсыныс жасағанын, одан кейін зорлағанын айтты. Медбике бұл оқиғаның 16 сәуірде болғанын айтады. Бірақ қыз дереу полицияға шағымданбаған, себебі аурухананың басшылығымен мәселені шешуге үміттенген.


Бұдан кейін жәбірленуші Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасына барып, арыз берген. 21 мамырда дәлелдемелер мен қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылған. 22 мамырда әйелдің қорғаушылары әл-Фараби ауданының прокуратурасына қылмыстық істі заңсыз тоқтату туралы шағым түсірген. Бір айдан кейін іс қайта тергелді.