Министр мектептердің қашан 12 жылдық білімге көшетінін айтты


Мәжілістегі үкімет сағатында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мектептерінің 2021 жылдан бастап он екі жылдық білім беру жүйесіне көшетінін мәлімдеді.


"Он екі жылдық білімге 2021 жылы көшуді жоспарлап отырмыз. 12 жылдық білім беру жүйесі 1-11 сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарлама мен жаңа бағалау жүйесіне толығымен көшкеннен кейін енгізіледі.


"Егер асығыс шешім қабылдап, ойланбастан әрекет етсек, жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін. Себебі он екі жылдық білім жүйесіне көшу мектептердің инфрақұрылымына үлкен салмақ салады. Бұдан бөлек, мұғалімдер даярлау мен жаңа оқулықтар шығаруды талап етеді. Оның үстіне елімізде үш ауысымды мектептер де аз емес", - деді министр.


Осыдан кейін Сергей Симонов министрден 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысқаннан кейін, балалар неше жастан мектепке баратынын сұрады.


"Біріншіден, егер бала алты жастан барса, онда 12 жыл оқып, мектепті 18 жасында бітіреді. Ал елімізде 18 жастан бастап әскерге шақыратынын білесіздер. Сонда олар мектептен түлеп ұшқаннан кейін әскерге баруы керек пе, жоқ әлде жоғары оқу орнына түсуі керек пе? Осы жағын ойласаңыздар", - деді депутат.


Білім минстрі мұның бәрі білім туралы заңмен реттелетінін айтты.


"Қазір балалардың 80 проценттен астамы мектепке 6 жастан барады. Біртіндеп бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. 6 жастан барғандар он екі жылдық мектепті 17 жасында бітіреді. Жеті жастан барып, он бір жыл оқығандар да солай. Яғни, өзгерген ештеңе жоқ. 17 жаста мектеп бітірген түлек жоғары оқу орнына түссе, онда әскерге кейін шақырылады.


Қазір жеті жастан мектепке баратындар 18-де емес, 17 жаста бітіреді. Солай ғой. Ал алты жастан барса, он екі жыл оқып, 17 жаста тәмамдайды. Санап алыңыздар", - деді Аймағамбетов депутаттарға.


Алайда депутат Симонов министрмен келіспеді.


"Менің үлкен балам мектепке алты жастан барып, 17 жаста аяқтады. Ал сыныптастарының көбі жеті жаста қабылданды, ал мектеп бітіргенде 18, кейбірі 19 жаста болды. Егер түлек екі ай ішінде жоғары оқу орнына түспесе, автоматты түрде әскерге шақырылады. Оның үстіне, біздегі білім жүйесі 11-сыныпты тәмамдаған оқушыға университетке бірден түсуге мүмкіндік бермейді. Олар репетитор жалдап, үйде қосымша дайындалуы керек. Сіздер осы жағын ойлаңыздар", - деп кеңес берді мәжілісмен.


"Бұл сіздің пікіріңіз. Біз бұл пікірмен келіспейміз", - деп жауап берді Аймағамбетов.


Министрдің айтуынша, жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы бекітілген. Тиісінше, қазір барлық сыныптың 95 проценті жаңартылған мазмұнға көшті. Ал келесі жылы он бірінші сыныптар ауысады деп жоспарлануда.