Малайзиялық әуе компания Қазақстанның үш қаласына жаңа рейстер ашпақ


«Air Asia» малайзиялық әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашпақ, деп хабарлайды ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті.


Куала-Лумпур қаласында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті, ҚР-ның Малайзиядағы елшілігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары әуежайлары мен «Эйр Астана» әуе компаниясы өкілдері бар қазақстандық делегация Air Asia компаниясының өкілдерімен кездесті.


Air Asia - Азиядағы ірі және әлемдегі 13-ші бюджеттік әуе компания.


«Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасында «Air Asia» әуе компаниясының тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылады. Малайзия тарапына әлемдік ірі қаржы орталықтарына Қазақстан арқылы 5-ші әуе еркіндігі бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды әуежайларына ұшу мүмкіндігі ұсынылды», - деп хабарлайды комитеттен.


«Ашық аспан» режімі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларына таралады.


Өз кезегінде Датук Камарудин бин Меранун Еуропаның Рим, Милан, Ницца қалаларына және Нью-Йорк қалалары бойынша әуе еркіндігі бар Алматы қаласына тікелей рейс ашуға қызығушылық білдірді.