Садриддин Ахмедовтың жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетіледі


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедовтың жекпе-жегін «Хабар» арнасы тікелей эфирден көрсететін болды.


«Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасы хабарланғандай, Садриддин екі күннен кейін Квебекте (Канада) «Ковбой» лақап атты 31 жастағы мексикалық Джонни Наварретемен (33-15-2, 15КО) кездеседі.


Айқас 10 раундқа есептелген. Жанкүйерлер жекпе-жекті «Хабар» арнасынан 26 қазан күні сағат 07.00-де көре алады.


Соңғы рет 21 жастағы қазақстандық нокаутшы Тетфор Миндегі (Канада) бокс кеші аясында өнер көрсетіп, рингте мексикалық Даниэль Вега Котаны (14-3-1, 11 КО) техникалық нокаутпен 90 секундта жеңген еді.