Қазақстандағы Disneyland тарихы


Жақында президенттің қатысуымен өткен «Ақылды қала – ақылды шекара» қала туризмін дамытуға арналған саммитте Нұр-Сұлтан қаласында Disneyland салынатыны туралы айтылды. Осыған орай, HOLA News тілшісі елордаға салыну жоспарланған жаңа жобаның тиімділі туралы сарапшы мамандардан сұрастырып көрді. Disneyland Astana LRT жобасының тағдырын қайталамайды ма?


Қазақстандағы Disneyland тарихы


Алматы


Жалпы Disneyland-тың аналогын салу туралы ұсыныс 2018 жылдың наурыз айынан басталды. Бірінші Диснейлендтің қазақстандық баламасын Алматыдан 40 шақырым жерге салу жоспарланған болатын. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы Тимур Дүйсенғалиев айтқан еді.


Сол кезде қазақ ертегі кейіпкерлерінің шынайы әлеміне айналатын «Happy Land» отбасылық паркінің құрылысына инвесторларды іздеу жұмыстары жүріп жатқаны туралы жазған болатынбыз. Дүйсенғалиевтің айтуы бойынша, жоба құрылысы екі жылдың ішінде аяқталуы керек болатын.


Нұр-Сұлтан


Дәл осы 2018 жылы елорданың экс-әкімі Әсет Исекешов те Астанада қазақша Диснейленд, яғни "Меруерт" ойын-сауық орталығын салуды қолға алатынын айтты. Жеке инвесторлар тобының күшімен салынуы тиіс болған «Меруерт» ойын-сауық алаңының алдын-ала эскиздерін де көрсетті. Жоспар бойынша шамамен 180 гектар жерді алатын парк 5-6 жыл ішінде салынып бітуі тиіс еді.



Шымкент


Ал 2018 жылдың қараша айында Шымкенттің сол кездегі әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қалада Disneyland-ке ұқсас демалыс паркін салатыны туралы айтты:


«Біз шымкенттік Disneyland пен аквапарктің жобасын дайындауды бастап кеттік. Менің ойымша, тек қана Шымкентте шетелге шықпай 3-4 ай бойы алаңсыз демала алатын үлкен аквапарк салуға болады», - деген болатын Әбдірахымов.


Ғабидулла Әбдірахымов демалыс паркінің құрылысын Happylon компаниясының басшысымен біріге отырып жүзеге асырып, Happy land атауымен ашуды жоспарлады.


Кейін 2019 жылдың шілде айында Әбдірахымов шымкенттік Диснейленд құрылысы Непалдан келген инвестор арқылы жүзеге асатынын айтты. 100 гектар жер бөлінген жоба 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс болатын.



Тағы да Нұр-Сұлтан


Осы жылдың қазан айында Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жетекшісі Ерлан Бекмұрзаев Нұр-Сұлтан қаласында Диснейленд демалыс паркін салуға ынғайлы жер іздестіріп жатқандығы туралы хабарлады.


«Диснейлендті табыс көруге тиімді етіп салған дұрыс. Парк жыл бойы үздіксіз жұмыс жасауы үшін жабық болуы мүмкін. Бізде Қызылорда мен Шымкенттегідей ауа-райы қолайлы емес, сондықтан инвесторды тартатындай етіп жасауымыз керек», - деп сөзін толықтырған болатын Ерлан Бекмурзаев.


Осы орайда HOLA News тілшісі түрлі саладағы тәуелсіз сарапшылардың пікірін сұрап білді. Қаржылай сауаттылық жөніндегі жеке сабақтардың авторы, блогер Дәулет мырзаның ойынша Нұр-Сұлтан қаласында салынуы қала туризімінің дамуына оң әсерін береді.


«Мен жалпы біздің елімізде дамыған шетелдік қалалардағыдай ғимараттардың салынуын қолдаймын. Париж, Барселона немесе Берлин сияқты туристердің сүйікті орнына айналуымыз үшін бұл - қажет дүние. Дегенмен, менің ойымша, оның ең алдымен жарнамасы мықты болуы керек. Кез келген шетелдік қонақ осы Нұр-Сұлтандағы Диснейлендті өз көзімен көруді армандайтын етіп салынғаны дұрыс», - деп айтты блогер.


Сонымен қатар, Дәулет «Диснейленд» Астана ЛРТ-ның тағдырын қайталамайды ма?», - деген сұрағымызға, жемқорлыққа жол беріліп, бөлінген ақша талан-таражға салынбауы тиіс деп айтты.


«Егер жобаны басынан аяғына дейін жақсылап қадағаласа, Диснейленд табысы мол ойын-сауық паркіне айнала алады. Әрине елорданың алты ай қысына қолайлы етіп, төбесі жабық немесе қыс мезгілінде мұзды қалаға айналдырып салса жөн. Себебі ауа райы қолайсыздықтарын ескеру керек», - деп айтты.


Сөз соңында, Дәулет жалпы астанамызға ұлттық құндылықты дәріптейтін, қазақылықтың иісі аңқып тұратын жаңа жобалардың да салынуы артық болмайтынын айтып өтті.



Ал бизнесмен Талғат Игіліковтың ойынша, Диснейленд жобасы мемлекеттің қаражаты салынатын болса тиімсіз болады. Себебі қаржы жағынан пайдасынан бұрын зияны көп болуы мүмкін.


«Менің ойымша бұл жобаны жеке инвесторлар қолға алса дұрыс болады. Себебі олар өз қаражаты мен күшін жұмсаса, демалыс орнын барынша табысты әрі пайдалы етуге тырысады. Ал мемлекеттік бюджет арқылы салынатын болса, Астана ЛРТ-нің жолын қайталауы ғажап емес», - деп қысқа қайырды Игіліков.