Шөкеев Абай ауылындағы жігіт зорлау оқиғасына блогерлердің араласпауын сұрады


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 16 жастағы жігітті үш жыл бойы зорлап, ақша бопсалаған полицияның бұрынғы қызметкеріне қатысты іс туралы хабардар екенін айтты.


Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қылмыстық істі өңірдегі тәртіп сақшылары тергеп жатыр.


"Бұл істі білемін. Прокуратура, өңірлік полиция департаменті әлі күнге дейін жұмыс жүргізіп жатыр. Танымал блогерлер іске араласқысы келеді. Дегенмен бұл қылмыс. Оны саясиландырып, елді дүрліктірмеу керек", - деді Өмірзақ Шөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Сонымен қатар, Шөкеев бұл мәселе заң аясында шешілетінін, оны әрбір баспасөз мәслихатында көтере беру дұрыс емес екенін айтады.


"Құзырлы органдар реттесін. Сот үкім шығарады. Егер үкім әділ болмаса, істі қайта қарасын. Менің ойымша, әр баспасөз мәслихатында бұл мәселені қайта-қайта көтерудің қажеті жоқ", - деп түйіндеді сөзін Түркістан облысының әкімі.