Тоқаев Назарбаевтың келісімінсіз шешім қабылдай ала ма?


Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Азаттыққа сұқбат берді. Ол ұлттық сенім кеңесінде "Оян, Қазақстан" қозғалысының мүшелері мен Әміржан Қосановтың неге жоқ екенін, Қазақстандағы "қос билік" туралы, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігінің кеңеюі туралы жаңалыққа түсініктеме бергеннен кейін Әділет министрімен болған әңгіме туралы айтып берді.


Қазақстандағы ең жоғарғы лауазымды қызметтерді Қауіпсіздік кеңесі келісімімен тағайындау туралы жарлықтың қабылдануы жайлы сұраққа Ерлан Қарин жарлықтың төртінші пунктінде "президент кез келген кадрлық шешімді осы процедуралардан тыс қабылдайды" деп жазылғанын айтты.


Оның айтуынша, бұл - президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі арасындағы процедура. Қауіпсіздік кеңесімен келіспей-ақ президент өздігінен лауазымдарды тағайындай алады.


Бұған дейін әділет министрі Марат Бекетаев бұндай жарлықтың қабылданғанын, "соңғы сөзді" қауіпсіздік кеңесі айтатынын айтқан болатын. Осы сауалға президент көмекшісі:


"Ол жөнінде президенттің баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли сол күні түсініктеме беріп, қате екенін айтты" деп жауап берді. Ал "министр Бекетаев неге кешірім сұрамады?" дегенге "Кешірім сұрамаса да сол күні жиналыс болып, ескерту айтылды. Сол жеткілікті" деді.


Азаттық әділет министріне хабарласқанын, ал оның бұл мәселе жайлы пікірін білдіргенін және әрі қарай ештеңе айтпайтынын жеткізді.


"Ол - министрдің жеке шаруасы. Министр қателесті",- деді Қарин.


Журналистің "Тоқаев лауазымды тұлғаны тағайындаған сайын Қауіпсіздік кеңесі жиналып отыра ма" деген сұрағына кеңесші былай жауап берді.


«Кеңес жиналмайды, талқыланбайды. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары тағайындалады делік. Тағайындалатын адамның құжаттары түрлі бөлімдерде қаралады. Бір бөлім саяси жағын, екіншісі шаруашылық ұйымдастыру жағын қарайды. Шешім сонан кейін қабылданады. Осындай техникалық мәселе. Шешімді қабылдайтын да, белгілі бір лауазымға ұсынысты дайындайтын да президент», - деді Қарин.


Сондай-ақ, Ерлан Қарин "Қазақстанда қос билік бар" дейтіндерге жауап берді.


"Қос билік туралы тақырып – жасанды тақырып. Шын мәнінде, мұндай мәселе жоқ. Тағы қайталаймын, біреу конституцияны өзгертті ме? Өзгерткен жоқ қой. Сондықтан президент билігі Қазақстандағы саяси жүйенің негізгі өзегі, діңгегі болып қала берді",- деді ол.


Оның айтуынша, бұл тақырып ақпараттық кеңістікке жасанды түрде енгізіліп отырған мәселе.


"Осы тақырыпты әдейі көтеріп, қоздатқысы келетіндер бар. Олар қазіргі билікті әлсіз дегісі келеді, сөйтіп қайта-қайта ақпараттық кеңістікке шығаруға тырысады. Кейде оны сырттағы түрлі күштер де пайдалануға ұмтылады. Саясатта ондай мүдделі топтар болады",- дейді президент көмекшісі.


Журналист Ұлттық кеңес мүшелерінің Қариннің жақтастарынан құралғаны туралы пікірді де білдіре кетті.


"Жоқ, ол тек маған ғана ыңғайлы болса, басым қатып жүрмес едім. Мұндай пікір неге пайда болғанын білемін. Осы жылдары қоғамда белгілі азаматтармен араласқаныма кінәлі емеспін ғой?! Ұлттық кеңестің құрамын анықтау кезінде негізгі рөл атқарғанымды мойындаймын. Алайда Ұлттық кеңеске енгендердің кейбірімен жақында таныстым. Мысалы, (адвокат) Айман Омарованы танымайтынмын. Оның идеялары мен пікірлерін тыңдағаннан кейін ұсыныс жасадым. Сондықтан барлығы маған ыңғайлы адамдар деуге болмайды",- деп жауап берді Қарин.


"Ал, олай болса не себепті ұлттық кеңесте  "Оян, Қазақстан" ұйымындағылар, Жанболат Мамай, Владимир Козловтар жоқ, тіпті сайлаудан 16 пайыз дауыс жинаған Қосанов жоқ" деген сұрақ қойылды.


"Біріншіден, сіз атағандардан басқа да азаматтар жоқ. Екіншіден, бәрін қамту мүмкін емес. Онда кеңесте 44 емес, 80-100 адам болады. Сіз айтқан адамдар ғана емес. Кім ынта білдірді, қайсысы дайын, кім конструктивті диалогқа өз үлесін қосады, солар Ұлттық кеңеске кірді. Егер ол азаматтар тарабынан кеңес құрамына енуге бастама көтерілмесе, ұсыныс түспесе… Бәріне бірдей хат жазатын мақсат болған жоқ. Мәселе көтерудегі белсенділігі мен тұрақтылығына, белгілі бір тақырыптар бойынша кәсібилігіне мән бердік.


Ал Қосановқа ондай ұсыныс айтпадық. Өзі де ол кезде байланыста болмады, ауырып жатты. Қателеспесем, ол ұлықтау рәсімінде де болған жоқ. Жастар ұйымдарына ұсыныс жасадым. Олар кездесуге де келген жоқ. Олармен қалай сөйлесуге болады әрі қарай?


Біз көпшілігіне ұсыныс айттық. Өзара келісім бойынша, аты-жөнін атамаймын. Билікті қатты сынап жүрген бірқатар азаматтармен кездестік, оны жоққа шығармаймын. Олар шарт қойды. Бірақ шарттары саяси бағытта емес. Кейбіреулермен бір үстелдің басында отырғысы келмейтінін айтты. Бұл меніңше, ерсі талап", - дейді Ерлан Қарин.