Вице-министр Kundelik.kz жүйесіне қатысты сұрақтарда жауап берді


Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Kundelik.kz жүйесіне қатысты сұрақтарға жауап берді.


«Kundelik.kz бағдарламасын толтыру үшін кейбір ауылдағы ұстаздар интернет болмағандықтан үйдің шатырына шығады. Болмаса қалаға интернет іздеп келеді», - деген сұрақ ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге қатысты Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қариноваға қойылды.


«Бұл сұраққа байланысты министрліктің нақты позициясы ведомствоның бұйрығында көрсетілген. Егер мектепте, сол тұрғылықты ауылда интернет жоқ болса, ол мектептер күнделіктерін, журналдарын қағаз түрінде толтыруы тиіс. Бүгінгі күні мектептерде оның бірнеше электронды жүйесі бар. Әрине, көп тарағаны - «Kundelik» жүйесі. Сондықтан, «Kundelik» туралы көбірек айтылады. Қазіргі заман электронды жүйенің қажет екенін көрсетіп отыр. Электронды журналдардың үш жүйесі бар. Әрине, интернеті жоқ ауылдарға министрліктің тарапынан айтып отырмыз: интернет жоқ болса, ол жерде электронды журнал да болмайды», - деді Қаринова.


Ол дәлел ретінде электронды жүйенің жақсы тұстарын келтірді.


«Себебі, электронды журналдар арқылы әр ата-ана баласының оқуының нақты нәтижесін көріп отыр. Екіншіден, мұғалім мен мектеп әкімшілігі, директоры – нақты білім сапасына жауап беретін тұлғалар. Осы кісілер толық талдауды осы электронды жүйе арқылы көре алады. Бұл өте қажетті жүйе. Біз оны ары қарай дамытуымыз керек», - деді ол.


Вице-министрдің айтуынша, «Kundelik» порталында оқушыға қойылып кеткен қате бағаны мұғалім қайта түзей алмайды.


«Мұғалімдер бағаны өзгерте алмайтынын айтып, шағымданады. Иә, келісеміз. Олар түзей алмайды. Өйткені, электронды жүйе мұғалімнің барлық пәрменін, белгісін түртіп алып енгізеді. Баға өзгермеуі керек. Біріншіден, бағаның өзі сабақ барысында қойылуы керек. Мұғалім алдымен жұмыс дәптеріне бағаны қойып алып, осыдан кейін журналға көшіруі тиіс. Ал егер қате еніп кетсе, нұсқау хатына сай, бұл өзгерістерді нақты негіз болған жағдайда енгізуге болады», - деді ол.