Гей екенін мәлімдеген дәрігер із-түссіз жоғалып кетті


Түркіменстанда ЛГБТ (лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) өкілдері адам төзгісіз қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны жайлы сұхбат берген 24 жастағы жігіт жоғалып кетті, деп хабарлайды Азатлык.


Ашхабаттағы емханалардың бірінде кардиолог болып жұмыс істеген 24 жастағы Қасымберді Гараев берген сұқбатынан кейін полицияға шақырту алып жоғалып кеткен. Сондай-ақ, ата-анасы мен бауырлары да хабарсыз кеткен.


Жас жігіт 21-ші қазан күні Азаттықтың түркімен қызметіне гомосексуализм қылмыс саналатын Түркіменстанда гей болғаны үшін қандай қиындықтарға тап болғаны туралы баяндаған екен.


Гараев гейлерді екі жыл түрме жазасына кесетін заңы бар елде билік өкілдері мен өз отбасы тарапынан қысымға ұшырағанын айтқан.


Жігіттің сөзінше, оның гей екенін жақындары ғана білген. Олар Гараевты шындықты жұрттан жасырып өмір сүруге көндірмекші болған. Отбасы гей жігітке "көмектесу мақсатында" оны мәжбүрлеп үйлендіруге тырысқан, психологтар мен имамдарға апарған, "нағыз ер азаматқа айналуы үшін" жезөкшемен бірге төсектес болуды ұсынған.


Гараевты ұстаған полиция оны ұрып-соғып, мазақ қылған, электр тоғымен азаптаған.


Гараевтың сұхбаты жарияланғаннан кейін Түркіменстан билігі қауіпсіздік қызметіне Ашхабаттағы емханалардан Кәміл деген лақап атпен сұхбат берген адамды табуды тапсырған. Полицияға шақыртылғандардың арасында Гараев та болған.


Қазанның 24-і күні Қасымберді Гараев шақырту бойынша полиция бөліміне барған. Содан бері одан хабар жоқ.


Азаттықтың Түркімен қызметі Гараев жұмыс істеп келген емханаға хабарласқан. Алайда емхана өкілдері оның ауруханада жұмыс істемейтінін айтқан. Гараевтың отбасын табу да мүмкін болмапты. Олар Ашхабатта бұрын тұрған үйінен көшіп кеткен, көршілері не болғанын білмейді.


Айта кетсек, бұдан бұрын да Өзбекстанда өзінің гей екенін мәлімдеген 25 жастағы Шокир Шавкатовты өлтіріп кеткен болатын.


Гомосексуализм Өзбекстан мен Түркменстанда қылмыстық әрекет болып саналады.