Ресейде қызу талқыға түскен Рунетке қатысты жаңа заң күшіне енді


Ресейде интернеттің ресейлік сегментін ғаламтордың жаһандық инфрақұрылымынан ажыратқан жағдайда оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі заң күшіне енді, деп хабарлады ТАСС агенттігі.


Сарапшылар мен ресми тұлғалардың сөзінше, жаңа заңның интернетті пайдаланушыларға ешқандай әсері болмайды, Рунет әлемдік Интернет кеңістігінің бөлігі болып қала береді.


«Заңның күшіне енуінен ресейлік қолданушылар ешқандай өзгерісті байқамайды, байланыстың сапасы да нашарламайды», - деп мәлімдеді РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің баспасөз хатшысы Евгений Новиков.


Рунеттің қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төнген жағдайда Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Роскомнадзор) жалпы көпшілік пайдаланатын байланыс желісін өз бақылауына алады. Ал ондай қауіптің туғаны, бақылауды федералдық қызметке тапсыру туралы үкімет шешім қабылдайды.


Бұл заңның қабылдануы халық арасында қызу талқыға түсті. Тіпті Қытайдың «Алтын қалқаны» сияқты жабық кеңістік құрылады деп болжағандар да табылды.


Федералдық қызметтің басшысы Александр Жаровтың мәлімдеуінше, Ресейде тек қана тыйым салынған нәрселер бұғатталады, тыйым салынған ақпараттарға ғана шектеу қойылады.


Ал байланыс министрінің орынбасары Алексей Волин Қытайдың ұстанған жолы Ресейге тура келмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ҚХР ішкі нарығы Ресейге қарағанда әлдеқайда ауқымды, сондықтан экономикалық тұрғыдан өзін қамтамасыз ете алады. Оның үстіне, Рунетті пайдаланушылар 300 млн адамнан асады, яғни Ресей халқынан екі есе көп. Ал Рунетті оқшаулап қою Рунет нарығын кем дегенде екі есе қысқартумен парапар.