Қазақстандық файтер карьерасын аяқтайтынын айтып күтпеген жерден мәлімдеме жасады


Қазақстандық MMA шебері Жалғас Жұмағұлов карьерасын аяқтайтыны туралы күтпеген жерден мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sports.kz.


Қазақстандық ММА балуаны, аса жеңіл салмақтағы (56 кг) Fight Nights Global чемпионы Жалғас Жұмағұлов UFC-мен келісім-шарт жасай алмаса спорттық карьерасын аяқтауы мүмкін екенін мәлімдеді.


"Барлығын дәлелдедім деп ойлаймын. Үздіктермен жекпе-жекке шығып, оларды жеңдім. Сондықтан ары қарай қозғалу керек. Мені енді Fight Nights Global-да көрмейтін шығарсыздар. UFC қол қоймаса, мен мүмкін, карьерамды аяқтаймын. Сондай жоспарым бар", - деді Жалғас Жұмағұлов.


Оның айтуынша, карьерасын аяқтағаннан кейін ол жаттықтырушы болып жұмыс істеп, жинаған тәжірибесін қазақстандық жас буынға үйретуді жоспарлап отыр.


"Айналысатын ісім бар, жастарды жаттықтырып, ынталандырамын. Өз залымды салып, қаражат табамын, оған ағаларым көмектеседі деп ойлаймын. Жастар тәрбиелі болғанын қалаймын", - деді Жалғас Жұмағұлов.