Қазақстандық әнші ресейлік шоуда Меладзенің командасына өтті


Нұр-Сұлтан тұрғыны Полина Тырина Ресейдегі «Голос» шоуының қарамай таңдау кезеңінен өтіп, Меладзенің командасына қосылды.


Полина Николай Зубовтың «Не уходи, побудь со мной» романсын орындады.


«Сіздің «Не уходи, побудь со мной» деп сенімді әндеткеніңіз соншалық, мен оны маған арналып тұр деп шынайы қабылдадым. Мен кетпеймін, сізбен жұмыс істеуге дайынмын», - деді композитор әрі продюсер Константин Меладзе.


Ресейдің Бірінші арнасына берген сұхбатында Полина бала күнінен концерттерге, ән кештеріне қатысатынын айтты.


«Неліктен музыкалық біліміңіз жоқ деп жұрттың бәрі сұрайды. Мамандық таңдау мәселесі тұрғанда өзіме сенімді болған жоқпын. Бала тапқан соң ғана тек музыкамен айналысуым қажет екеніне көзім жетті», - деді Полина.


Полина Тырина – «Almas» дуэтінің қатысушысы. Әсем Әбдіқасымовамен бірге 9 тілде: қазақ, орыс, ағылшын, француз, португал, итальян, испан, поляк, украин тілдерінде ән айтады. 2019 жылдың басында олар «FRANÇAIS À LA KAZAKH» («ҚАЗАҚША ФРАНЦУЗ ТІЛІ») атты бірегей альбомын шығарды. Оған француз тіліне аударылған қазақтың 5 халық әні, олардың тұпнұсқалары, сондай-ақ бұрын жарияланбаған французша 5 авторлық әні кірді.