Саяси партия құратынын мәлімдеген Жанболат Мамай қала аумағынан шыға алмай отырғанын айтты


Жақында ғана жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген белсенді Жанболат Мамай Алматыдан шыға алмай отырғанын айтты.


Оның айтуынша, "билік аймақты аралап, жақтастарымызбен кездесуге мүмкіндік бермей отырған көрінеді".


Екі жыл бұрын шартты жазамен босатылған Жанболат Мамай пробация қызметінің тыйымына байланысты Алматы қаласы аумағынан шыға алмай отырғанын Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.


Ол партия құрған адамдармен бірге 2-8 қараша күндері Қазақстанның батыс өңірін аралап, жақтастарымен кездеспек болған. Бірақ 1 қарашада Қарасай аудандық пробация қызметі "қадағалау шаралары күшейгенін айтып, қаладан шығуға тыйым салған".


Адвокат Жанар Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, сот Жанболат Мамайдың журналистік қызметпен айналысуына ғана тыйым салған. Ал қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алады.


Адвокаттың сөзінше, заң бойынша егер Мамай басқа қалаға барса, Алматыдағы пробациялық бақылау қызметіне ескертіп, баратын жердегі пробациялық бақылауға тіркелуі тиіс.


"Оның қаладан шығуы проблема болмауы керек. Пробация қызметіне сапар жайлы айту - бұл ескерту сипатындағы нәрсе", - деді адвокат.


Бұрын журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Мұхтар Әблязовтан қаржы алды" деп айыпталып, шартты жазамен босатылған. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған. ​


Қазан айының ортасында Жанболат Мамай жаңа оппозициялық партия құратынын мәлімдеген болатын.