Жүк көлігінен денелері табылған 39 адамның қай елдің азаматтары екені анықталды


Британ полициясы 23 қазанда Лондонда жүк көлігінен денелері табылған 39 адамның барлығы Вьетнам азаматы екенін хабарлады.


"Вьетнам азаматтары қаза тапты деп ойлаймыз. Қазір Вьетнам үкіметімен байланыс орнатып отырмыз. Вьетнам мен Ұлыбританиядағы бірнеше отбасымен де байланыс орнаттық. Қаза тапқандардың кейбірінің туыстарын таптық деп ойлаймыз" деп жазды Эссекс полициясы бастығының көмекшісі Тим Смит Twitter желісінде.


Бұған дейін полиция Анлияның оңтүстік-шығысында жүк көліктен денесі табылған 39 адамның барлығы Қытай азаматы деп айтқан. Олардың 31-і - ер адам, сегізі - әйел.


Еске сала кетсек, жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, 39 адам ауа температурасы минус 25 градусқа жеткен мұздатқыш камераға қамалып отырған, оның ішінде кәмелетке толмаған бір бала болған. Олар контейнерде үсіп өлген.


Басылым атап өткендей, контейнердегі адамдар айқайлап, көмек сұраған болуы мүмкін. Дегенмен тоңазытқыш қабырғаларының қалыңдығына байланысты олардың айқайы естілмеген болса керек.


Daily Mail хабарлауынша, көлікте қаза болғандардың арасында Вьетнамның 26 жастағы тұрғыны Фам Тхи Тра Май да болуы мүмкін. Трагедия күні ол туыстарына жантүршігерлік хат жіберген.


"Анашым, кешір, менің шетелге сапарым сәтті болмады. Сені және әкемді қатты жақсы көремін. Мен өлейін деп жатырмын. Өйткені дем алу мүмкін емес ", - деп жазды бойжеткен ата-анасына.


Қыздың туыстарының айтуынша, Ұлыбританияға бару үшін ол 30 мың фунт стерлинг (15 миллион теңге) төлеген.


25 жастағы фураның жүргізушісі кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Полицияның мәліметінше, жігіт Солтүстік Ирландияның тумасы. Полиция Морис Робинсонға "адам саудасы" және "кездейсоқ адам өлтіру" баптары бойынша айып тақты.


Тергеу дерегінше, Робинсон Бельгияның Зебрюгге портынан жеткізілген контейнерді Пурфлит портынан қабылдап алған. 1 қарашада іске қатысы болуы мүмкін тағы бір адам қамалды. Бұл іс бойынша Вьетнамда екі адам ұсталды.