Алматы облысында ер адам туысын басынан атып өлтірді


Алматы облысында өзінің туысын басынан атып өлтірді деген күдікпен 36 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі.


2 қараша күні Еңбекшіқазақ ауданының Бөлек ауылындағы жер үйден 41 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Көз жұмған азамат Есік қаласының тұрғыны болып шықты.


Тексеру барысында, жәбірленуші басына тиген бытыра оғынан мерт болғаны анықталды. Жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті ұсталып, қамауға алынған.


Баспасөз қызметінің дерегінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше сағаттың ішінде жәбірленушінің туысы ұсталған.


Ұсталған күдіктінің сөзінше, туысы екеуінің арасында қызғаныштан ұрыс басталып, соңы өліммен аяқталған. Тергеуге аяғақ зат ретінде еш жерде тіркелмеген 16 калибрлы шолақ аңшы мылтығы тәркіленді.


Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның үстінен ҚР ҚК 99-бабы яғни, адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.