Қорғалжында 154 киік атқандардың ісіне екі қорықшының қатысы болған


Қорғалжын қорығында 154 киікті атқандардың ісіне екі қорықшының қатысы болған, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.


«Полицейлер браконьерлер тобының Қорғалжын қорығындағы 154 ақбөкенді ату әрекетіне қатысы барын дәлелдеді. Қылмыс наурыз айында тіркелген болатын. «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» РМҚК директорының полицияға хабарлағанындай, 17 наурызда қорық аумағының ішінде мүйізі кесілген 154 өлі ақбөкен табылды. Мемлекетке 1 млрд 435 млн-нан астам теңге шығын келтірілген», - делінген хабарламада.


Ақбөкенді атуға қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабының 5-бөлігі (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


«Сирек кездесетін және жойылу алдында тұрған аң түрлері мен ақбөкендерді қорғауға міндетті «Охотзоопром» РМҚК өңірлік филиалының қызметкерлерінің қылмысқа қатысы бары анықталды. Тергеу барысында кәсіпорынның 2 қызметкері кедергісіз атуды ұйымдастырған және олардың 2 танысы ақбөкендерді атқаны анықталды. Тәртіп сақшылары жануарлардың мүйізін сатып алған адамды анықтады, ол елорда тұрғыны болып шықты. Оның гаражынан Рессей Федерациясы аумағына контрабандалық жолмен тасымалдау және одан әрі ҚХР-ға сату үшін дайындалған, арамен кесіп алынған ақбөкендердің мүйізі табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.


Браконьерлерге ҚР ҚК-нің 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.