Путин павлодарлық тұрғынға Достық орденін тақты

Ресей Президенті павлодарлық тұрғынды Достық Орденімен марапаттады


Кеше, 4 қарашада Кремльде Халық бірлігі күніне орай өткен шарада Ресей президенті Владимир Путин павлодарлық Татьяна Кузинаны Достық орденімен марапаттады, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.


Татьяна Кузина Павлодардағы «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы.


«Ресей мен шетелдік серіктестер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға сүбелі үлес қосып отырған барша шетелдік достарымызға алғыс білдіремін. Әу баста орыс мәдениеті және орыс мемлекеті көпұлтты және көпконфессиялы ретінде аяққа тұрған болатын», - деді Путин.


Татьяна Кузина Кремль сахнасында Абайдың қара сөзінен үзінді келтіріп, сөз сөйледі.


«Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», деген. Сондықтан жер бетінде таршылық болмасын, Қазақстанда да, Ресейде де бейбітшілік пен достық болсын. Біздің елдеріміз көпұлтты және мұны сақтап қалу аса маңызды. Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең жақын мемлекеттер екенін әріптестерімізбен әрдайым айтып отырамыз. Біз достықты сақтай алдық, біз ұлы бабаларымыздың лайықты ұрпағымыз», - деді ол.