Интернет еркіндігі: Қазақстан әлемдік рейтингте төмен сырғыды


Халықаралық Freedom House үкіметтік емес ұйымы интернет еркіндігі жайлы жыл сайынғы зерттеуін жариялады.


Рейтингте Қазақстан «интернеті еркін емес» елдер қатарына еніп, бұл мәселе бойынша рейтингі түсіп бара жатқан елдер санатына қосылған.


«Рейтингтегі ұпайы қатты азайған елдер – Судан мен Қазақстан. Одан соң – Бразилия, Бангладеш, Зимбабве", - деп жазды ұйым.


Ұйым Қазақстанға 100-ден 32 ұпай (0-39 балл арасы – "интернеті еркін емес" дегенді білдіреді) берген. Елімізбен бір қатарда Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Пәкістан, Иран мен Өзбекстан тұр.


Зерттеуде «белсенділердің үнін естіртпеу, онлайн-пікір айтуды болдырмау мақсатында жасалатын» мобилді желі, интернет-ресусртарды бұғаттау ауқымы және әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге және жаңалық сайттарын пайдалануға қойылатын шектеулер туралы айтылады.


«Үкіметтің мобилді байланыс рыногын монополиялауы және тікелей электронды бақылау құралдарын енгізуі Қазақстандағы интернет еркіндігінің азаюына әсер етті»,- деп жазды Freedom House.


Freedom House Қазақстанды интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын, саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін, блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылары немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын елдер қатарына енгізген.


"Қазақстанда жұртты шатастыратын немесе билікті, саяси партияның аппаратын қолдайтын контенттерді тарату үшін боттарды, гиперпартизан комментаторларды, жаңалық сайттарын, желідегі топтарды пайдаланады", - деп жазылған есепте.


Ұйым Қазақстанда адамдардың жеке деректерін бақылау күшейгенін де атап өтті.