Қазақстандық ару «MissQueenEurope2019» сұлулық сайысында жеңіске жетті


2 қараша күні Киевте халықаралық «MissQueenEurope2019» сұлулық сайысы өтті. Қазақстанның атынан алматылық Лаура Мұхтар қатысып, жүлделі орынға ие болды. Отандасымыз 50 мемлекеттің өкілі қатысқан байқауда I Вице-Мисс атанды. Осыған орай, HOLA News Еуропа аруынан байқау туралы сұрап білді.



Лаура – Жүргенов атындағы колледжде театр факультетін бітіріп, бүгінде өнер ордасында Кино ТВ және режиссура мамандығы бойынша білім алады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ару отандық бірнеше фильмдерге түсіп үлгерген. Одан бөлек «Тұмар ханым» триосы құрамында ән айтады, Алматыда танымал «Томирис» шоу балетінің хореографы болып істейді.



Жастайынан жан-жақты, өнерпаз ару осы уақытқа дейін «Мисс Алматы» байқауына қатысқан, кейін Ұлыбританияда өткен «МиссUSSR UK 2019» конкурсына барып, жүлделі орынға ие болған.


Лаура «MissQueenEurope2019» сұлулық сайысы туралы желіде білгенін айтты.



«Сайтқа тіркеліп, онлайн дауыс беру арқылы іріктеу кезеңінен өттім. Конкурс болатын күннен 1 апта бұрын, Киевке барып, 50-ге жуық қыз болып дайындыққа қатысты. Жалпы осы жолы конкурстың ұйымдастыру сапасы өте керемет болды. Әрбір қыздың жеке көмекшісі бар, дайындық пен демалыс маған қатты ұнады», - деп атап өтті Лаура.



Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші арулар өзі қатысып отырған елдің ұлттық киімімен шығып көпшілікті таңғалдырды. Екінші кезеңде әлемге әйгілі «Victoria`s Secret» сән үйінің көрсетілімдері үлгісінде купальниктермен және спорттық киімдермен сән шеруін көрсетті. Ал финалда сұрақтарға жауап беріп, сымбатына ақылы сай қыздар екенін дәлелдеп, байқауды қорытындылады.