Браконьерлерге қатысты жаза 5 жылдан 12 жылға созылды


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев браконьерлерге қатысты жазаның күшейтілгенін айтты.


Заңға енгізілген жаңа өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңында көрсетілген.


«Заңсыз аңшылық үшін қылмыстық шешім белгілері кеңейтілді және санкциялар ұлғайды. Мәселен, бұрын осы бап бойынша браконьерлер аңшылықта жануарға зардап келтіретін жарылғыш құралдар, кеме мен қарда жүретін машина қолданғанда ғана жазаланатын еді. Енді онда ату құралы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аңшылық құстары енгізілді. Браконьерлер жазаға тартылатын ҚР ҚК 339-бабы жетілдірілді. Бұрын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады. Заңнаманы жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр», - деді Е. Нысанбаев.


Сонымен бірге, орман, балық және жануарлар әлеміндегі заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту бойынша ҚР Қылмыстық Кодесіне түзетулер енгізіледі. Одан бөлек, шетелдіктерді жасаған қылмысы үшін 5 жылға ел аумағынан шығару қарастырылған.