Скляр 7 жылда ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсаратынына уәде берді


7 жылда ауылда тұратын 7 млн тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарады, дейді Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр.


Вице-премьердің айтуынша, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 7 жыл ішінде 7 млн тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарып, 7 мың шақырымнан астам кентішілік көшелер салынады.


Ауыл мәселелерін шешу үшін үкіметтен 900 млрд теңге бөлінеді.


Р.Склярдың мәліметінше, 2019 жылы 30 млрд теңге сомаға шамамен 700 мың адам тұратын 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Жаңа жылда 30 млрд теңгеге қосымша 50 млрд теңге бөлінеді дейді вице-премьер.


«Жалпы бөлінетін қаражатқа 250 ауылда 1 641 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобаларға жаңа дағды алу мақсатында ауыл жастары тартылатын болады. Өңір әкімдері шұғыл түрде тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеуі қажет», - деді Үкімет басшысының орынбасары.