Ресейде теракт жасамақ болған қырғыз азаматы ұсталды


5 қарашада Мәскеудің Черемушкин соты  Қырғызстанда туған Талант Онуровты қамауға алды. Тергеу комитеті оны "теракт жасамақ болды" деп айыптап, қылмысты мойындағанын хабарлады, деп жазады Азаттық.


1989 жылғы Онуров нақты қай елдің азаматы екені белгісіз. Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі Ресейдің құқық қорғау органдарынан Онуровтың азаматтығы туралы дерек сұраған.


"Тергеу органдарының дерегінше, 2019 жылы қыркүйек айында Қырғызстанда туған Талант Онуров теракт жасау мақсатында Ресей аумағына келді. Бір ай бойы жақтастарын іздеп, әдебиеттерді оқып меңгерді, үйрететін видеороликтерді қарады, сонымен бірге белгісіз адамдарға қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерді жүзеге асыратын орын іздеді" деді тергеу комитетінің өкілі Юлия Иванова.


Онуров тергеу кезінде өз кінәсін толықтай мойындаған. Бірақ Мәскеудің нақты қай аумағында теракт жасамақ болғанын айтпаған.


Егер азаматтың кінәсі дәлелденсе, 15 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сот оны 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қамауға алды. Ал ТАСС агенттігі Онуровтың 1 қарашада ұсталғанын, оның радикалды діни ағым өкілі екенін хабарлады.