Кәсіпкерді ұрған мемлекеттік қызметші жазаланды


Ақтөбе облысы Қобда аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы Бердібек Әмірғалиев қоластындағы қызметкердің әдепсіз қылығы үшін жазаланды.


Облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ауыл кәсіпкерінің арызына байланысты тексеру жүргізіп, қорытындыны Әдеп кеңесіне өткізді.


«Қобда аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінде 9 адам жұмыс істесе, оның екеуі бұйрық бойынша қысқартылды. Дәл сол уақытта Т.Әмірғалиев пен Байменов жұмыстан шықты. Дегенмен Еңбек кодексіне сай олар арыз жазған күннің ертеңінен бастап жұмыстан шығарылған болып есептеледі. Яғни, оқиға болған кезде оны алдын ала жұмыстан шығарған болып шықты. Сонымен қатар тексеру кезінде аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінде бір-біріне туыс үш Әмірғалиев жұмыс істегені анықталды», - деді Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің облыстық департаменттің бас маманы Ләззат Қосаева.


Әдеп кеңесі облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратында өтті.


«Олар қысқартылып, жұмыстан шығарылды. Ал туыстық жағына келер болсақ, біздің атамыз емес, бабамыз бір туған», - деді бұры осы бөлімде жұмыс жасаған Бердібек Әмірғалиев.


Әдеп кеңесі мүшелерінің шешімімен бүгін Бердібек Әмірғалиевке қатаң сөгіс берілді.


Еске салсақ, осы жылдың 24 қыркүйегінен 25-не қараған түні екі мемлекеттік қызметкер кәсіпкерді ұрып, оқиға орнынан кетіп қалған болатын. Осы оқиғаға байланысты полиция Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабымен іс қозғап, соталды тергеу жүріп жатыр.