Талапқа сай келмейтін жиһаз алған мектеп директорларына айыппұл салынды


Алматыда мектеп директорларына талапқа сай жиһазды алмағаны үшін 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.


Қалада тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті мен Қалалық кәсіпкерлер палатасы мамандары өткізген тексеруде бірқатар оқу орындарында жиһаздардың сапасы төмен екендігі анықталды.


«Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті №17, 7, 49 мектептерді тексерген болатын. Тексеру барысында зертханалық бақылау да қолданылды. Зерттеу нәтижесінде зиянды химиялық бөлшектер табылмағанмен, жиһаздардың көпшілігі техникалық регламентке сай рәсімделмеген, мемлекеттік тілде ақпарат жоқ, ЕАС белгісі көрсетілмеген», - деді департамент басшысы Айзат Молдақасымова.


Департамент басшысының айтуынша, парталарда оқушылардың орташа бой өлшемі, орындықтарда функционалды өлшемі көрсетілмеген. Мектеп жиһаздары оқушылардың бойы мен жасына сәйкес алынбаған.

 

Тексеру қорытындысына сәйкес мектеп директорларына 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.