Шағын және орта бизнестен түсетін салық жергілікті бюджетке берілетін болады


Мәжіліс депутаттары шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке беруді көздейтін заң жобасын мақұлдады.


Құжатта 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджеттерге беру ұсынылған.


Ұлттық экономика министрі Руслан Далеловтың айтуынша, облыстық мәслихаттарға шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыстық және аудандық бюджет арасында бөлу нормативін белгілеу құқығы беріледі.


"Жергілікті бюджеттерге корпоративтік табыс салығын беру өңірлердің экономикасын, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырады. Жергілікті бюджеттердің табысын ұлғайтады", - деді министр.


Ал ірі кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік табыс салығы республикалық бюджетке түседі.


"Респубикалық бюджетке корпоративтік табыс салығын төлейтін ірі кәсіпорындардың тізімі жасалады. Ол ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігінің бұйрығымен үш жылға бекітіледі және өзгермейді. Егер үш жыл ішінде ірі бизнес орта бизнес санатына ауысса, оның корпоративтік табыс салығы республикалық бюджетке түсетін болады. Бұл үшін арнайы тетік қарастырылған", - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.


Сонымен қатар, заң жобасы аясында елорда атауының өзгеруіне байланысты 4 кодекс пен 7 заңға түзетулер енгізіледі.


Құжатта кейбір күш құрылымдарын қайта ұйымдастыру бөлігінде өзгерістер енгізу көзделген. 


Осылайша, заңнамалық актілерге Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметінің қайта ұйымдастырылуына, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік комитетіне "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің қосылуына байланысты өзгерістер енгізу көзделіп отыр.