Қазақстанға Байқоңырдағы жердің бір бөлігі қайтарылады


Мәжілісте Байқоңырдағы жалпы аумағы 11,6 мың гектар жерді Ресейдің жалға алуынан шығарып, қайтарып алу туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ТАСС.


Мәжіліс депутаттары 1994 жылғы 10-желтоқсанда Қазақстан Республикасы үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметінің арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы келісімге өзгертулер енгізу хаттамасын бекітті. 


Құжат парламент сенатының қаралымына жіберілді.


Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, хаттамаға 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында қол қойылған. Бұл құжат бойынша 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу келісімінің №2 қосымшасына өзгертулер енгізілген. Яғни, Қызылорда облысындағы төрт учаскені РФ жалға алуынан шығарып, қазақстандық тарапқа қайтару қарастырылған. Бұл жердің жалпы аумағы - 11,6 мың гектарды құрайды.


Қайтарылатын жер учаскелері республикалық маңызы бар нысандар салу үшін қайтадан бөлінетін болады.


Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің, Алматы – Мәскеу темір жолының және Бейнеу – Шымкент газ құбыры желілік бөлігінің құрылысына және Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Төретам ауылын дамытуға бағытталады.


"Бұл жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. Аталған учаскелерді Байқоңыр кешені жалға алуынан шығару Ресей тарапынан жыл сайынғы жалдау ақысының мөлшерін қысқартуды көздемейді", - деп атап өтті Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.