Алматыда жаттығу кезіндегі оқушы өлімі: Оқиғаның мән-жайы қандай


Алматыда баскетбол үйірмесінде 15 жастағы бала көз жұмды. Қайғылы оқиға Қазақ спорт және туризм академиясында баскетболдан жаттығу кезінде болған. Он бес жастағы бала спорттық жаттығу барысында есінен танып қалған. Бапкер көмектесуге тырысқанымен оқушы сол жерде тіл тартпай кетіпті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.


Қазақ спорт және туризм академиясының хабарлауынша, жасөспірім оқу орнында бір жарым ай жаттыққан.


Білім беру мекемесінің бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевтің айтуынша, жаттықтырушы тергеу шаралары уақытына қызметінен шеттетілді.


"Ол оқу-жаттығу барысында өзін жайсыз сезінген, одан кейін құлап қалған. Бапкер дәрігерлер келгенше медициналық көмек көрсеткен. Педагог бүгінгі күннен бастап жұмысынан шеттетілді.


Жаттықтырушы – біліктілігі жоғары маман. Жоғары білімді. Дене шынықтыру пәні бойынша PHD докторы. Өзі бір кездері кәсіби деңгейді баскетболмен шұғылданған. Ол үйірмені жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азамат жүргізеді. Осы залда басқаруға берген ЖШС ала отырып, жүргізеді. Екеуінің арасында келісім бар",- деп түсіндірді Есқалиев.


Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем 8 минутта келген, бірақ баланы құтқарып үлгермепті.


"Бригада келіп, барлық реанимациялық шараларды жасады. Бірақ жедел жәрдем келгенше оқушының қайтыс боп кеткенін анықтады. Жасөспірімнің неден көз жұмғаны белгісіз", - деді Алматы жедел жәрдем қызметі емдеу ісі жөніндегі директор орынбасары Шайхидин Бәдіров.


Мектеп директорының айтуынша, бала денсаулығына ешқашан шағымданбаған және қайғылы оқиға болған күні де барлық сабаққа қатысқан.


"Ален біздің мектепте бірінші сыныптан бастап оқыды. Сабағы өте жақсы, тәртібі де тәрбиесі де. Өте ашық. Ұстаздармен де жақсы араласады. Мектеп өміріне белсене араласады. Дене шынықтырудан босату туралы анықтамасы да жоқ. Денсаулығына ешқашан шағым айтып жүрген бала емес",- дейді мектеп директоры.


Қазір полицейлер істі тергеп жатыр. Сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Қазақ спорт және туризм академиясы жеткіншектер медициналық анықтамасыз жаттығуға жіберілмейді деп отыр.


Оқушының туыстары қайғылы оқиға жайлы ештеңе айтпады.