Путин Тоқаевты Омбы әуежайынан шығарып салды


Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық Форумы іскерлік бағытта өткенімен, кездесулерде достық ниет айқын көрініп тұрды, деп жазды президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.


«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің келіссөздері, Форумның жалпы отырысы сындарлы әрі салиқалы сипатта өтті. Екі елдің көшбасшылары талқыланған барлық мәселелер бойынша бір пікірде болды, ортақ шешімге келді. Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше құрметі мен ілтипаты оның Омбы әуежайына дейін келіп, әріптесін өзі арнайы шығарып салғанынан анық байқалды», - делінген хабарламада.


Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары бір-біріне естелік ретінде сыйлық жасаған.


Берік Уәлидің жазуынша, Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәрмәр мен малахиттан жасалып, күміспен күптеліп, алтынмен апталған шахмат тарту еткен. Ал Қазақстан Президенті ресейлік әріптесіне ұлт ұстазы, халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай арнайы тарту-таралғы ретінде шығарылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының екі томын сыйлаған.



Айта кетсек, Қазақстан президенті «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барған болатын.


Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Владимир Путинмен кездесті. Форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.