Нью-Йорк соты Трампқа 2 миллион доллар айыппұл салды


Нью-Йорк соты АҚШ президенті Дональд Трампқа бірнеше коммерциялық емес ұйымға 2 миллион доллар айыппұл төлеуге міндеттеді. Прокуратура органдары Трапты Trump Foundation қайырымдылық қорын жеке саяси және бизнес мүддесі үшін пайдаланды деп айыптады, деп жазады "Голос Америки" сайты.


2018 жылы жазда Нью-Йорктің бас прокуратурасы Трамп пен оның 3 баласының сайлау кампаниясын қаржыландыру туралы заңнаманы бұзғаны туралы айтып, сотқа шағым түсірген. Қордың көмегімен жиналған 3 миллион доллардай қаражат Трамптың 2016 жылғы сайлауалды кампаниясы кезінде жұмсалған. Сондай-ақ, қаржының бір бөлігін өз қажетіне жаратқан.



АҚШ президенті қор ақшасын пайдалану туралы шешімді өзі қабылдағанын мойындады. Нью-Йорктің бас прокуратурасы мен президент айыппұл көлемін судья шешеді деп келіскен.


Өткен айда Трамптың заңгерлері және Нью-Йорктің бас прокуратурасы қорды таратып, оның қаржысын коммерциялық емес ұйымдарға үлестіруге келіскен.


Айыппұл мен Trump Foundation қорының қалған ақшасы 8 коммерциялық емес ұйымға теңдей бөлінеді. Қаржы үлестірілетін қорлардың арасында тегін тамақ тарататын және афроамерикалық азаматтарды оқыту, Холокос құрбандарын еске алу музейі бар.