«Қазақфильмнің» туындылары АҚШ-тағы кинофестивальге қатысып жатыр


«Қазақфильмнің» киностудиясының фильмдері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қарашаның 6-ы мен 14-і аралығында өтіп жатқан Asian World Film Festival байқауына қатысып жатыр.


Фестивальге Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ», Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмдері ұсынылған.


Туындылардың барлығын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.



Биыл фестиваль шеңберінде Түркия, Жапония, Үндістан сынды басқа да мемлекеттердің 50-ден астам туынды көрсетіледі. Мақсаты Азия мен Голливудтың кино саласындағы байланысын нығайту.


Еске сала кетейік, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі биыл Қазақстанның атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылған болатын.