Ресейлік тілшіге кәсіпкер Кеңес Рақышевтен "50 мың доллар ақша бопсалады" деген айып тағылды


Ресейдің ішкі істер министрлігі "Росбалт" ақпарат агенттігінің тергеуші-журналисі Александр Шваревке "жала жабу" және "ақша бопсалау" баптары бойынша сырттай айып тақты деп хабарлады журналистің адвокатына сүйенген DW.


2018 жылы Александр Шварев rucriminal.com сайтында Ресейлік бизнесмен Әлішер Усмановтың қылмыстық топтармен байланысы туралы жалған мақала жариялаған.


Тергеу дерегінше, Александр Шварев Әлішер Усмановтың қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышевпен жақсы таныс екендерін білген. Журналистен Рақышев "жалған ақпаратты жоюын" сұраған. Алайда журналист қазақ кәсіпкерінен 50 мың доллар көлемінде ақша бопсалаған көрінеді.


Бұл туралы Шваревтің адвокаты Владимир Жеребенков "Бұлыңғыр, ойдан шығарылған, негізсіз айыптар" дейді.


Адвокаттың айтуынша, журналист қазір Латвияда емделіп жүр.


Ал "Росбалт" бұл істі журналиске қарсы"қылмыстық спектакль" деп атады:


"Әңгіме БАҚ қызметкерінің қылмыстық кодексті бұзғанында емес, РФ Конституциясында бекітілген сөз бостандығына кедергі келтіру және азаматтардың құқықтарын бұзу, атап айтқанда мемлекет пен қоғам үшін маңызды ақпаратты алу мен тарату туралы болып отыр. Біздің пікірімізше, "Росбалт" және оның журналисі Александр Шваревке төңірегіндегі қылмыстық істер белгілі бір тұлғалардың мүддесіне қарай ашылуы мүмкін", -деп жазды бас редактор Николай Ульянов.


11 қарашада Мәскеудегі сот Александр Шваревті сырттай қамауға алу туралы өтінішті қарайды. Журналиске халықаралық іздеу жарияланған.


Шварев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында қылмыстық істі 2015 жылы Мәскеуде болған атыс туралы мақаламен байланыстырған. Сол мақала жарық көргеннен кейін тергеу комитетінің бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктері, қылмыстық топ жетекшісі ретінде саналатын Захарий Калашовқа үкім шыққан.


Кеңес Рақышев - қазақстандық кәсіпкер (Forbes тізімінде 8-орын), Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел Тасмағамбетоваға үйленген.


Әлішер Усманов - ресейлік миллиардер, сот арқылы оның Шахро Молодоймен қылмыстық байланысы туралы мақалаларды алып тастауды талап еткен.