Алматы облысында оқушылар мектеп дәлізінде білім алуда


Алматы облысының Іле ауданындағы Еңбек ауылының балалары мектеп дәлізде білім алып жүр, деп журналист Дінмұхаммед Каликулов Facebook-тегі парақшасында жазды.


Ол өз жазбасында мектепте асхана, спорт және акт залдарының жоқ екенін атап өткен.


«Балаларға кабинет жетіспегендіктен олар дәлізде оқиды. Бұл мектепте акт, спорт залдары, асхана жоқ. Бар болғаны төрт бөлме ғана бар. Жоғары сыныптың оқушылары көрші ауылға барып білім алады. Ал мына жерде кішкентай балалар оқиды. Олардың жалпы саны 72. Жиырма жылдан бері осындай жағдай. Ал жаңа мектепке жер бөлінген»,-деп жазған автор.


Ал Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі ҚазАқпаратқа аталған проблемаға байланысты жауап берген. Ведомостваның айтуынша, қазір 400 орындық мектептің жобасы дайындалуда, бірақ қашан салынары белгісіз.


«Кеше бірқатар БАҚ-да Іле ауданы, Еңбек ауылына қарасты мектеп мәселесі қозғалды. Бұл мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, яғни бастапқыда мектеп болмаған. Осы секілді, облыста 147 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан. Облыс әкімдігі тарапынан бейімделген ғимараттардағы мектептердің проблемасын шешу үшін 73 мектеп салуға 2019-2023 жылдар аралығында 5 жылдық қадамдық жоспар жасалды. Жоспарға сәйкес, 2019 жылы жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы басталды: Кербұлақ ауданы Қосағаш ауылында 80 орындық, Көксу ауданы Қызылтоған ауылында 120 орындық. Одан басқа 12 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда»,- делінген хабарламада.