Тальго пойызында тағы да шу: 18 жастағы ару өзінің зорлана жаздағанын айтты


"Тұлпар-Тальго" пойызында 18 жастағы қыз өзіне жолаушы ер адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетіне оқталғанын айтып, шағымданған. Бұл оқиға жайында "НеМолчи" қорының басшысы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында хабарлады.


Олардың жазуынша, бойжеткен енді ғана 18 жасқа толған көрінеді. Осы жылдың 2-ші қыркүйеінде ол ағасымен бірге "Тұлпар-Тальго" пойызының Петропавл – Алматы бағытына мінген.


Ағасы Қарағандыдан түсіп қалған, ал қарындасы Алматыға қарай кеткен.


Ол оңтүстік астанадағы университтердің бірінде оқиды екен. Түнгі 23:50-де купеге шамамен 60 жастағы жолаушы кірген.


"Жас қыз ұйықтап жатқан кезде киімінің сыртынан біреудің қолымен сипалағанын сезген. Қалың ұйқыда болғандықтан, не болып жатқанын бірден түсінбеген. Сол сәтте купеге жолсерік кіріп, жолаушыға бірдеңе берген, сөйтіп есік қайта жабылған. Біршама уақыт өткен соң қыз қайтадан біреудің оны қолымен сипалап жатқанын сезген. Ол бірден орнынан тұрып, жарықты қосқан. Сол сәтте өзіне қарама-қарсы бетте әлгі жолаушының іш киіммен отырғанын көрген. Купеден атып шығып, жолсерікті шақырған.


Бойжеткен одан өзін басқа орынға ауыстыруын сұрапты. Орнын ауыстырғаннан кейін ағасына қоғырау шалып, болған жайды айтып берген. Ағасы дереу телефонды жолсерікке беруін сұрап, одан полиция шақыруын талап еткен", – делінген "НеМолчи" қоры жариялаған постта.


Осы іске байланысты Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік прокурорлары 3 қыркүйекте аталған факті бойынша жолаушының жас қызға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне оқталу туралы ҚК-нің 121-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.


"2 қарашада "Қарағанды-Сұрыптау" стансасындағы желілік полиция бөлімі қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қысқарту туралы шешім қабылдаған.


8 қарашада Жезқазған көлік прокуратурасы қылмыстық қудалау органы шығарған шешімнің күшін жойып, істің барлық мән-жайын толық және объективті түрде қамтамасыз ету үшін нұсқау беріп, қосымша тергеуге қайтарды", – делінген бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Қазіргі уақытта қылмыстық істің тергеу барысы аталған ведомствоның бақылауында.