Президентке хат жазған 10 жасар алматылық оқушының арманы орындалды


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов президентке хат жазған 10 жасар алматылық баланың арманын орындап, таэквондодан спорт сексиясына жазған. Бұл туралы баланың анасы Алма Серікқали Facebook парақшасында хабарлады.


Әйелдің айтуынша, баласы Нұрбақыт Ғалымжан конституциялық құқығын пайдаланып, қоғамдық пікірлерін қағаз бетіне түсіріп, президенттің атына хат жазған. Бұдан кейін жеткіншек анасына сол хатты Ақордаға салып жіберуін сұраған.



«Асхат Қанатұлы осы асыл мінезімен көпке үлгі бола отырып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан бала қыранның қанатының қатайып, биікке самғауына жол ашып, асқақ арманының жүзеге асуына ықпал жасап, таэкван-до спорт секциясына жазды. Бүгінгі білімнің биігінде осындай ел үшін ет жүрегі елжірей білетін мемлекет қайраткері тұрғанда кем-кетігіміз түзеліп, ерік-жігеріміз қайрала түсері анық. Біз Сізге сенеміз, Асхат Қанатұлы!», - деп жазды баланың анасы.


Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев баланың хатын оқып, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне хатта көтерілген мәселелерді шешуді тапсырған.


Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алматылық оқушының хатына жауап берген болатын.


Айта кетейік, Алматы қаласы №138 гимназияның 4-сынып оқушысы Нұрбақыт Ғалымжан Президентке хат жазған болатын. Онда Нұрбақыт каникулдың аздығын және кейбір пәндердің қызық еместігін сынаған.