Нұр-Сұлтанда мас ер адам такси көлігін ұрлап, екі адамды қағып кетті


Бүгін таңғы сағат жетіге таман «Бизон» дәмханасының маңында белгісіз біреу такси жүргізушісін ұрып-соғып, «Лада» көлігін ұрлап кетті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.


06.58-де аталған автокөлік Тәуелсіздік көшесінің бойында жолдан өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 48 жастағы әйел адам оқиға орнында мерт болып, 2005 жылғы жасөспірім дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.


Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция жасағы 23 жастағы күдіктіні ұстады. Ішімдікке сылқия тойған ол ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды.


ҚР ҚК 345-бабы («Адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және 200-бабы («Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.