Ердоғанның ұлы мен Қадыровтың ағасы Назарбаевтың құрметіне ашылған медресеге келді


Түркістан облысының Сарыағаш қаласында Сатыбалды Әбішұлы Назарбаев атындағы Ислам орталығы ашылды. Медресе құрылысын жүргізуші Әбдіжаппар Смановтың айтуынша орталық Сатыбалды Әбішұлының баласы Қайрат Сатыбалдының қаражатына салынған.



Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жазуынша, орталықтың ашылу рәсіміне 10 мыңға жуық адам жиналған.


Ашылу салтанатына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Нежметтин Ердоған Біләл, Шешенстан Республикасы басшысының ағасы әрі кеңесшісі Амруддин Эдилгерев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Әлімов, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушов, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы мен ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Асыл арна телеарнасының директоры Мұхаммеджан Тазабек және дін қайраткерлері қатысты.




Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алады. Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған.