Қазақстан урбанизация бойынша Орта Азияда көш бастап тұр


Орталық Азия елдері арасында Қазақстан урбандалу деңгейі ең жоғары мемлекет, деп хабарлады Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.


«Бүгінде 17 өңірде 87 қала мен 6,5 мың ауыл бар. 2015 жылдан бастап урбандалу деңгейі 58,2 процентке дейін өсті. Миллион тұрғыны бар қалалар саны 3-ке жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18 ірі қалада 1,5 есе артты», - деді министр.


Оның айтуынша, Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспары аясында елді экономикалық бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыру керек. Өйткені әлемдік жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы ірі қалаларда құрылады.


«Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның урбандалу деңгейі ең жоғары – 58,2 пайыз. Алайда ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Ол елдерде бұл көрсеткіш 77 пайызы құрайды. Урбандалу деңгейін 1 пайызға арттырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,12 пайызға жетеді. Сәйкесінше, урбандалу деңгейі жоғары болған сайын халықтың табысы да жоғары болады», - деді ол.